ОТЫРАРДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ

Отырар ауданында «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғырту» тақырыбындағы халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі басталды. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырды. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологиялық ерекшеліктерін насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту. Сондай-ақ, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
Халықаралық іс-шараға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген керамика шеберлері қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынуда. Жәрмеңкенің ашылу салтанатына Тынық мұхиты мен Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы, «Біздің мұра» қорының президенті Айжан Бекқұлова, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Қазақстан Суретшілер және архитекторлар одағының мүшесі, қыш шебері әрі дизайнер Марат Сарсебаев және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, дәстүрлі қолөнерді дәріптеудің маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында аудан өнерпаздары ән шашуын ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтар мен қатысушылар қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, шеберлік сағаттарына қатысты. Халықаралық жәрмеңке дәстүрлі керамика өнерін кеңінен танытуға, шеберлер арасында тәжірибе алмасуға және тарихи-мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

1 / 4